Алғы сөз
     Қадірменді ағайын, бұл сайт қазақ халқының негізін қалаушы бас тайпалараның бірі Найманның Бағаналы саласының Жырық тармағынан тараған Байдаулеттің бес баласы – Қошқар, Арықпан, Киікбай, Төбет, Үсен аталарымыздың шежіресін мәңгілікке қалдырып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын әрі қарай жалғастырмақ ниеттен туындап отыр.

     Бүгінгі күні еліміздің тәуелсіздігінің арқасында, оңымызбен солымызды танып жатқан шағымызда, озық технологияларды пайдаланып ата-бабаларымыз ауызша қалдырып кеткен ататек шежіремізді Ғаламтор арқылы ұрпағымызға жеткізіп және дүние есігін ашып келіп жатқан жаңа бауырларымызбен толықтырып отырудан шыққан мақсат.

     Найман тайпасының ірілі-ұсақты, соның ішінде әрине Байдаулеттің шежірелері жазылып жатқан жоқ емес, жазылып жатыр, бірақ әр уақытта да қай кітап шықпасын әрқашанда әттеген-ай деген жағдайлар болып тұрады. Мәселен, кебір аталарымыз шатысып көрсетіледі, кейбір аталарымыз ұмыт қалып жатады, болмаса басқа атадан таратып жатады. Ол түсінікті де, өйткені шежірені кітапқа түсіру алдында барлық туысқандарды, әрбір атаның баласын тауып сұрау мүмкін емес, сондықтан ақылдастар алқасы болсын, сол шежірені айтып таратқан аталарымыз, ағаларымыз, басқада бауырларымыз болсын өз атасын дұрыс таратқанымен басқа аталарға келгенде қателесуі әбден ықтимал, оған ренжуге әсте де болмайды. Ал әрбір ата-ана өз баласына оның кім екенін, қайдан щыққанын, руының кім екенін, жеті атасына дейін білгенін қадағалап үйретуді өздеріне парыз санайды. Міне сондықтан да бұл сайт осы қателіктерді болдырмай таза да шын шежіремізді келесі ұрпаққа жеткізеді деп ойлауға негіз беретін сияқты. Өйткені әрбір бауырымыз өз жеті атасын біледі деп менің өз басым толық сенемін.

     Құрметті бауырлар, сайтта мен өз жеті атамды толтырдым Байдаулеттен бастап. Байдаулетке бассаңыздар ол кісінің бес баласы шығады, онда Қошқар сары түрде де, қалғандары қызыл түрде. Сары түс оның толтырылғанын және одан ұл бала болғанын көрсетеді, әрі қарай солай жалғасып кете береді. Сіздерден тек қана өз аталарыңызды толтыруды сұраймын Байдаулеттен бастап бүгінгі бала-шағаларыңызға дейін. Ол үшін сіздер «қосу/өзгерту» сілтемесіне кіріп өз аталарыңызды жазып таратсаңыздар болды, сосын мен оны өзім әрі қарай басты мәзірге кіргіземін. Олай істеген себебіміз түсінікті болса керек, олай болмаған жағдайда әркім түзей беретін болса шежіреміз толыққанды болмайды. Егерде келіспейтіндей жағдай болып жатса «жаңалықтар» сілтемесіне кіріп пікірлеріңізді қалдыруға, талқыға салуларыңызға болады. Бұл сайтта тек қана шежіремізбен тоқтап қана қоймай, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз жайлы әңгімелер, қызықты оқиғалар, тарих жайында да және қазіргі бауырларымыздың басында болып жатқан жаңалықтар болсын жазуларыңызға болады.

     Тағы бір айта кететін жағдай – ол бұл сайт жаңа туған бала сияқты, оның тәй-тәй басып тұрып әрі қарай жүріп кетуіне бәріңіз де ат салыссаңыздар деген өтініш. Көш жүре келе түзеледі демекші бастау керек болды, біз ұлымыз екеуміз бастадық! Біз әлі де болса түзетулер енгіземіз, толықтырамыз. Сын түзелмей мін түзелмейді дегендей сіздердің ақыл-кеңестеріңіз артық болмайды. Сіздер қызу қолдайды деп сенеміз! Тілектеріңіз, ұсыныстарыңыз, түзетулеріңіз, сұрақтарыңыз болса «жаңалықтар» сілтемесіне кіріп жазуларыңызға болады. Кейінгі ұрпақтарымыздың орыс тіліне жақындау екенін ескеріп, ол тілде де жазуға болатынын ескерткім келеді.

Іске сәт, ағайын-туыс, бауырлар!

Ғабит Мыңбай ұлы

25 қараша 2013 жыл.